АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО – «ХАЙНАНЬ ТУРЫНЫҢ» ЖАЛПЫ ЕСЕПТЕГІ КӨШБАСШЫСЫ

27.10.2016
Оқу : 328

Қазақстандық велоспортшылар Қытайдың тропикалық аралында өтіп жатқан «Хайнань туры-2016» көркүндігінде ел намысын қорғауда.

Бүгін көпкүндіктің 197 шақырымға созылған алтыншы таулы кезеңі өтті. Қазақстандық Алексей Луценко кезең сызығын үшінші болып кесті және жалпы есепте көшбасшыға берілетін сары жейдеге ие болды.

20161027185558_161

Кезеңнің соңына қарай тартыс күшейе түсті. Мәре сызығына он бес шақырым қалғанда колумбиялық Ортега Рамирез Маурицио негізгі топтан қара үзіп шықты. Таудың шыңына төрт шақырым қалғанда «Lampre-Merida» және «Astana Pro Team» спортшылары Пшемыслав Немец пен Алексей Луценко оның соңына түсті. Колумбиялық спортшы еңіске түсе берген көшбасшылардың қарқына төтеп бере алмай, артта қалды. Ал, «Lampre-Merida»  командасының намысын Пшемыслав Немецпен бірге қорғайтын Матей Мохорик шабуылшылардың қатарына қосылды. Осы үштік мәре сызығына тура тартты. Қазақстандық спортшы бұл бәсте қарсыластарына есе жіберіп, үшінші орыннан көрінді. Кезең қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы сары жейдені киіп, ең үздік тау шабандозы атағы бойныша жалпы есепте көш бастады. Сонымен қатар, ең үздік Азия спортшысына берілетін көк жейдеге де ие болды.

20161027185804_426

«Сары жейде үшін командама алғыс айтамын. Олар барлық кезең бойы алда жүріп, жақсы жұмыс істеді. Біз бұл кезеңде жеңіске жетуге күш салдық. Алайда, менің көңілім түскен жоқ. Ең бастысы сары жейдені соңғы кезеңге дейін сақтау. Ертең қысқа күн. Алайда, кезеңді толықтай бақылауда ұстаған жөн. Жалпы есепте топ бастауға таласатын қарсыластардан көз жазбау керек. Сегізінші кезең де ауыр болмақ. Сол себепті жарыс бойы қарсыластарды қадағалап отырамыз», — деп Алексей Луценко жарыс күнін  қорытындылады.

77131477225319921

«Хайнань туры» жарысы 30 қазанға дейін созылады. Ертең 127 шақырымға созылатын жетінші кезең өтеді.

Қазақстан атынан бұл жарысқа «Астана» кәсіпқой командасы мен  «Vino 4ever SKO» құрлықтық командасы қатысуда.