05 12.2018

Берлинде өткен Әлем кубогінде Артём Захаров Топ-5-тікке енді

 

Берлинде трек велоспортынан Әлем кубогінің 3-кезеңі аяқталды. Қазақстандық спортшылар арасынан Артем Захаров үздік нәтиже көрсетті. Ол омниум сайысының қорытындысы бойынша Топ-5-тік қатарына енді.

 

Еліміздің Ұлттық құрамасының бас бапкері Владимир Бушанский шәкірттерінің көрсеткен нәтижелеріне баға берді. Сонымен қатар жақында өтетін жарыстар күнтізбесі жайлы да айта кетті.

 

“Темптік сайыс түрлерінен біз командалық жарыс пен омниумнан сынға түстік. Командалық жарыстан жоғарғы нәтиже көрсете алмадық. Фиништік уақыт көрсетеміз деп жоспарлағанбыз. Енді біз қателіктермізбен жұмыс жасап, басқа құрама жасақтайтын боламыз. Жақында Азия чемпионаты басталады. Соған дейін барлық түзетулерді енгізіп үлгеруіміз қажет.  

Захаровтың әр жарыс сайын нәтижесін жақсартып келе жатқанын байқауға болады. Ол Берлинде өзінің спорттық бабы жақсы екенін көрсетті. Омниумның төрт түрін де бірқалыпты жүріп өтті. Жалпы есепте жоғарғы орындар үшін таласқа түсті. Оның осы жолғы көрсеткіштері келесі Әлем Кубоктерінде оның өте жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын байқатты.

 

Біздің ендігі мақсатымыз Олимпиада ойындарына ұпай жинауға мүмкіндік беретін Азия чемпионаты. Ол додада да өзін таныта алады деп үміттенеміз. Одан кейін Артем «Астана» велокомандасымен бірге Аустралияда өнер көрсетіп, Әлем кубогінің 6-кезеңімен сайыстарды аяқтаймыз.

 

Спринтке толықтай баға бере алмаймын. Бірақ Чугайдың жақсы өнер көрсеткенін  ерекше атап өткім келеді. Жеке рекордына қол жеткізді. Енді маңызды жарыстарға дайындық жұмыстарын жүргізетін боламыз», – деді Бушанский.

 

Ал өз кезегінде Захаров ұзақ уақытқа созылған жарақаттан кейін қайта қалпына келуін жалғастыруда. Дегенмен аралық нәтижелерге көңілі толды.

 

“Мен қыркүйек айынан бастап жарақаттандым. Жақында ғана айықтым. Қайта қалпыма келіп, бабымды жақсартудамын. Әлем кубогінің алғашқы кезеңінде мен тек жарыс жолын жүріп өттім. Қазіргі таңда жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Біз үшін маңызы зор Азия чемпионатына бір ай ғана уақыт қалды. Ұпай жинайтын боламыз. Мақсатым сол бұрынғыдай, Олимпиада ойындарына қатысу. Көрсеткен нәтижеме көңілім толады», – деп атап өтті Захаров.

 

Командалық жарыста Артем Захаров, Әлішер Жұмақан, Асылхан Тұрар, Роман Василенковтар 17-нәтиже көрсетті. Дәл сол бағдарлама бойынша спринтерлер Максим Налетов, Павел Воржев және Андрей Чугайлар 15-орынға ие болды.

 

Спринтте Воржев пен Чугай 34-орынға тұрақтады. Ал кейриннен Воржев еліміздің намысын қорғап, қорытынды хаттамада 25-орынға жайғасты. Омниум сайысынан Захаров мәреге 5-болып келді.

Share:

Leave a comment

Войти с помощью: