09 01.2019

Қазақстан тарихта алғаш рет Азия чемпионатында трек велоспортының барлық түрінен сынға түседі

Еліміздің құрамасы Азия чемпионатында трек велоспортынан бақ сынамақ. Жарыс Индонезияның Джакарта қаласында 9-13-қаңтар аралығында өтеді. Тарихта бірінші рет Қазақстан сайыстың барлық түрінен сынға түспек. Сонымен, ерлер арасында жарыстың темптік түрінен бес шабандоз – Артем Захаров, Әлішер Жұмақан, Роберт Гайнеев, Асылхан Тұрар және Роман Василенковтар қатысады. Олардың барлығы турнирдің алғашқы күні өтетін топтық жарыста сынға түседі. Жарыстың екінші күні Гайниев скретчтен, ал кейіннен із қуудан Жұмақан мен Захаров медаль үшін таласқа түспек. «Астана» велокомандасында өнер көрсетіп жүрген Захаров омниум сайысына да қатысады. Шабандоздардың өнер көрсетулеріне байланысты топтық жарыстың қатысушысы анықталады. Ол тағы да Захаров немесе Василенков болмақ. Азия чемпионатының соңғы жарыс күні Гайнеев пен Василенков мэдисон сайысына қатысады. Веложарыстың темптік түрлерінен Қазақстан әйелдер арасында өтетін додада да бақ сынайды. Рината Сұлтанова топтық сайыс, скретч және омниумнан жарыс жолын жүріп өтпек. Спринтерлік сайыс түрлерінен ерлер арасында Павел Воржев, Андрей Чугай, Максим Налетов пен Сергей Пономаревтар, ал әйелдер арасында Анастасия Шаповалова Қазақстан құрамасының намысын қорғайтын болады. Шапалова мен Сұлтанова үшін бұл «әйелдер» санаты бойынша алғашқы жарыс. Олар жақсы нәтиже, лайықты өнер көрсетеді деп үміттенеміз», – деді трек велоспортынан Қазақстан құрамасының бас бапкері Владимир Бушанский. Сонымен қатар қазақстандық спортшылар жасөспірімдер мен жасөспірім қыздар санаты бойынша өнер көрсетеді. Бірақ медаль иелену жоспары бойынша жарыстың  темптік түрлерінен де, спринтерлік түрлерінен де ерлерге басты үміт артылуда. Жиналған ұпайлар олимпиадалық рейтингке есептелетін болады.  «2018/2019-маусымға және 2019/2020-маусымға іріктеу ұзақ уақыт бойы жүрді. Екі маусым бойы екі Азия чемпионатында жиналған ұпайлар олимпиадалық сынақтың қоржынына жиналады. Оған қоса ол ұпайлар Әлем чемпионатында да өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Сол себепті екі мақсат қойылған – ол Олимпиадаға іріктеу және Әлем чемпионатына қатысу», – деді Бушанский. «Жалпы жағдайлары жаман емес. Кеше соңғы бақылау жаттығулары өтті. Спринттен де, темптік сайыстан да спортшыларымыздың уақыт көрсеткіштері жаман емес. Әйелдер жайлы да айта кетсем, жаттығуларда барлығы жақсы нәтиже көрсетті. Барынша жақсы өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамыз», – деді бапкер.

Share:

Leave a comment

Войти с помощью: