ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ВЕЛОШАБАНДОЗДАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТАРДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

3.06.2016
Оқу : 606

«Астана» кәсіпқой велокомандасының капитаны Винченцо Нибали «Джиро» көпкүндігінің қызыл жейдесіне таласып жатқан кезде бірқатар қазақстандық командалар халықаралық жарыстарға қатысып, айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізді.

Мәскеу қаласында өткен Александр Лесниковті еске алуға арналған турнирде Қазақстан спортшылары Никита Панасенко және Роберт Гайнеев мэдисон жарысында бірінші орынға ие болды.

Скретч сайысында сынға түскен Никита Панасенко қола жүлдені қанжығасына байласа, Роберт Гайнеев ұпай бойынша топтық жарыста үздік шығып, алтын жүлдені жеңіп алды.

31 мамыр мен 2 маусым аралығында өткен 2.2 категориялы халықаралық «Украина туры» көпкүндігіне қатысқан «Астана Сити» құрлықтық командасы да жақсы нәтиже көрсетті. Еуропа мен Азияның 20 командасының арасында жүлделі орынға таласқан «Астана Сити» шабандоздары украиналық «Kolss BDC Team» ұжымына ғана есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты.

Украина жолдарында Нұрболат Құлымбетов пен Никита Стальнов кезең жүлдегерлері атанды. Сонымен қатар, Никита Стальнов көшбасшысының сұр жейдесін иемденіп, ең үздік шетелдік велошабандоз деген атаққа ие болды. Жалпы есепте тұғырдың үшінші сатысынан орын алды.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшы «Әзірбайжан туры» (1 категория) мен «Түркия Президентінің туры» (НС категория) көпкүндігінде екі рет жүлделі орыннан көрінген еді.