Алексей Абраменко – Азия чемпионы: «Велоспорт – мен үшін өмір салты»

Қазақстанның ең титулды ардагер спортшысы, Азия чемпионатының жеңімпазы Алексей Абраменко велоспорттағы жеңісі, жүйелі қолдау және спорттың болашағы туралы ойымен бөлісті.

– Алексей, ақпан айында Таиландта өткен Азия чемпионатындағы жеңісіңізбен құттықтаймыз! Бұл жетістікке қалай жеттіңіз?

– Рахмет! Бұл жеңіс мен үшін өте маңызды болды. Чемпионаттың деңгейі жоғары болды, нағыз сынақ десем болады. Осындай жарысқа қатысу – үлкен еңбек пен қолдаудың нәтижесі. Федерация тарапынан қолдау көрсетілді: жол шығындарының бір бөлігін өздері жапты, ал Алматыдағы бірқатар кәсіпкерлер де қаржылай көмектесті. Мен де өз тарапымнан үлес қостым. Яғни, бұл – бірлескен күштің жемісі.

Сондай-ақ Федерация өкілдері жарыс ережесіне жас ерекшеліктерін енгізу мәселесін жедел шешіп берді. Бұл өте маңызды болды, өйткені кейбір категориялар болмаса, бірнеше спортшы медальсіз қалуы мүмкін еді. Осы орайда Дмитрий Муравьев пен ұлттық құраманың жаттықтырушысы Александр Килибаевқа алғыс айтамын – олар бұл мәселені шешуге белсенді араласты.

– Қазақстан атынан жарысқа басқа да спортшылар қатысты ма?

– Иә, мен ғана емес, басқа да спортшыларымыз өте жақсы өнер көрсетті. Мен 65–69 жас аралығындағы санатта бірінші орынды иелендім. Тіпті бұл санатты 70+ санатымен біріктіргеннің өзінде де, мен уақыт бойынша бәрінен озық болар едім.

Ал 70+ категориясында бар болғаны екі қатысушы болды – екеуі де қазақстандықтар. Федерацияның қолдауымен бұл санат жеке бөлініп, біздің ардагерлер де лайықты марапаттарын алды. Бұл – Мастерс категориясының даму үстінде екенін және әділеттілік жолында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

– Сіз ардагер спортшылар арасында саясатты араластырмау қажеттігін де айттыңыз. Неліктен бұл маңызды?

– Иә, кейбір ардагерлер мемлекеттен қаржылай сыйақы талап етеді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біз – әуесқойлармыз. Велоспорт біз үшін – хобби, өмір салты. Ал хоббиіңді өзің қаржыландыру – қалыпты нәрсе. Мемлекет пен Федерация жастарға – болашақ чемпиондарға қолдау көрсетуі керек. Олар – Олимпиада резерві, ел намысын қорғайтын ұрпақ. Мастерс санатындағы спортшыларға қолдау меценаттардан, жанашыр жандардан келуі керек деп ойлаймын.

– Әуесқой велоспорт пен жастар спортын дамытуда қандай айырмашылық бар?

– Алматы мен Астанада көптеген жеке велоклубтар бар. Онда спортшылар өз қаражатымен жаттығып, сапалы инвентарь сатып алады, шетелге жиындарға барып тұрады. Бұл – үлкен мүмкіндік. Ал ДЮСШ-те бәрі керісінше: жаттығу жабдықтары ескі, оқу-жаттығу жиындары сирек, қаржылық мүмкіндік шектеулі. Кейде жеке клубтағы әуесқой спортшы мемлекеттік спорт мектебіндегі болашағы бар жасөспірімнен әлдеқайда жақсы қамтамасыз етілген. Бұл – шындық. Жастарға көбірек мүмкіндік беру – басты мақсат болуы керек.

– Велоспорттың қазіргі жай-күйін қалай бағалайсыз?

– Бірінші кезекте, біз жастарға жағдай жасауымыз керек. Сапалы инвентарь, білікті бапкерлер, халықаралық жарыстарға қатысу – бәрі маңызды. Федерация мен мемлекет осы бағытта жұмысты күшейтсе, нәтиже болады. Инфрақұрылымды дамыту, жаттығу базаларын жаңарту – қажет шаралар.

Ал ардагерлер мен әуесқой спортшылар үшін қолдау жеке бастамалар мен меценаттар арқылы болуы тиіс. Бұл – мемлекеттің тікелей міндеті емес.

– Жаңа спорт және туризм министрінің жұмысы туралы не айта аласыз?

– Жаңа министр келгеннен кейін реформалар басталды. Легионерлер азайып жатыр, «Астана» командасын да жабу мәселесі қарастырылуда. Бұл дұрыс бағыт. Жаңа Федерация да жарыстарды ұйымдастыруда тәртіп орнатып келеді. Ең бастысы – оң өзгерістер басталды, енді олар тоқтамай, жүйелі жалғасуы керек.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Мастерс санатында жарыстарға қатысуды жалғастырамын. Халықаралық деңгейде ел намысын қорғап, жастарға үлгі болғым келеді. Алматыда жастар мен ардагерлерге арналған ашық жаттығу өткізу ойымда бар – тәжірибе бөліскім келеді. Саясатқа араласқым келмейді – бұл үшін жауапты адамдар бар, солар жұмыс істесін. Кей ардагерлер шетелде тұрып алып, не істеу керектігін айтып отырады – бұл маған қызық емес (күліп).

Мен Қазақстандағы велоспорттың дамуына өз үлесімді қосуды жалғастыра беремін.

КФВС-тің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ

КФВС серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры

facebook
instagram
youtube