03 12.2019

Қазақстандық велошабандоздар Гонконгте өткен Әлем кубогінің үшінші кезеңінде өнер көрсетті

29-қараша мен 1-желтоқсан аралығында Гонконгте Әлем кубогінің 3-кезеңі өтті. Естеріңізге сала кетсек, рейтингтік турнирге құрама атынан алты спортшы – Артем Захаров, Әлішер Жұмақан, Павел Воржев, Рината Сұлтанова, Андрей Чугай және Сергей Пономаревтар қатысты.

Гонконгтегі Әлем кубогінде жоғары нәтиже көрсеткен Рината Сұлтанова омниум сайысы бойынша 9-орынға ие болды. Қазақстанның велоспорт тарихында бұл көрсеткіш әлемдік біріншіліктердегі таңдаулы әйелдер арасындағы жарыста қол жеткізген ең үздік нәтиже болып саналады. Ал скретч сайысы бойынша Рината Сұлтанова 19-орынға ие болды.

 

Омниум сайысы бойынша Артем Захаров Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама үшін тағы 160 ұпай жинап, жалпы есепте 14-сатыға жайғасты.

«Алда Әлем кубогінің тағы үш кезеңі бар, – деді тректен құраманың бас бапкері Владимир Бушанский. – Біздің қазіргі таңдағы мақсатымыз Әлем чемпионатына қатысу үшін барынша көбірек ұпай жинау. Ал Әлем чемпионатынан кейін Олимпиадаға жолдама аламыз ба, жоқ па, сол мәселе шешімін табатын болады»

Скретч сайысы бойынша өнер көрсеткен Әлішер Жұмақан 18-орынға табан тіреді.

Спринтерлік дисциплиналар бойынша қазақстандық велошабандоздар келесі көрсеткіштерге ие болды:

Командалық спринт – 13-орын (Павел Воржев, Сергей Пономарев, Андрей Чугай);
Кейрин – 25-орын (Павел Воржев);
Спринт – 30 және 34-орындар (Андрей Чугай және Павел Воржев).
Келесі, яғни Әлем кубогінің 4-кезеңі Жаңа Зеландияда Кембридж қаласында 2019-жылдың 6-8 желтоқсан аралығында өтеді.

Share:

Leave a comment

Войти с помощью: