21 08.2018

Кирилл Казанцев Қазақстан тарихында алғаш рет тау велоспортынан медаль иемденді

Қазақстандық велошабандоз Кирилл Казанцев Азия ойындарында тау велоспортынан өткен кросс-кантри олимпик жарысында қола жүлде иегері атанды. Бұл Қазақстан велоспорт тарихында Азия ойынарында тау велоспортынан иемденген алғашқы медаль болып табылады. Осыған дейін Азия ойындарында иемденген 4-орын үздік нәтиже болатын. Ол көрсеткіш те ең тәжірибелі әрі еліміздің атақты тау велоспортшысы Кирилл Казанцевқа тиесілі.

«Елім үшін алғашқы медаль иеленгеніме қуаныштымын, – деді Кирилл Казанцев. – Қола медаль болса да көрсеткен нәтижеме көңілім толады.  Бұл қола медаль мен үшін алтынға татиды. Техникалық тұрғыдан бізге қарағанда біршама жақсы қамтамасыз етілген қарсыластарыммен сынға түсу өте қиынға соқты. Шынымды айтсам үздік үштік түгілі, жарыстың өзін аяқтай алатыныма сенімсіз болдым.

Бірінші айналымнан бастап шабуылға шығуды жөн санап, 100 пайыз барымды салдым. Жарыс басталысымен бірден алға 20 секунд басымдылықпен озып, шамамен үш айналымдай сол қалыпты сақтап отырдым. Одан кейін жоғары жылдамдықпен келе жатқан қытай спортшылары мені қуып жетіп, тіпті бір минут уақыт алға озып кетті. Сонымен алғашқы үш айналымда мен 1-орында , келесі төрт айналымда мен 3-орында болдым. Ал біздің Шәкір Әділов үш рет құлап, дөңгелегі жарылғанына  қарамастан 8-орынды иеленді».

Естеріңізге сала кетсек, «Азия ойындары 2018» жарысы Индонезия астанасы Джакарта мен Суматра аралындағы Палембанг қаласында өтіп жатыр. Қазақстандық велошабандоздар үш дисциплина – тас жолдағы велоспорттан, трек және тау велоспортынан  еліміздің намысын қорғауда. 22-тамыз бен 24-тамыз аралығында таңдаулылар санатындағы ерлер мен  әйелдер тас жолдағы велоспорттан, ал 27-тамыз бен 31-тамыз аралығында темптік және спринтерлік дисциплина бойынша тректіктер сынға түспек.

Share:

Leave a comment

Войти с помощью: