Тарих

Қазақстан велосипед спортының тарихы

 

Мерзімі  Оқиға
1914 жыл.

Қазақстан аумағында алғашқы велосипед жарысы 1914 жылдың 6 шілдесінде Ақтөбе қаласында өткен. Бұл жарыста Сибогат Забиров жеңімпаз атанған. Чемпионның медалі таза алтыннан жасалған және шамамен 15 граммды құраған.

Велошабандоздардың жарысы «Актюбинский вестник» (№19, 17 шілде 1914 жыл) деп аталатын екі апталық әдеби-шаруашылық журналында тіркелген.

1918 жыл.

1918 жылы Қызылжар, Орал және Қызылорда қалаларында үйірмелер ашыла бастады. Осы уақыттан бастап велоспипед еңбекшілерінің қауымының дәулетіне айналды.

Жалпы оқыту мекемесі құрылғаннан кейін велосипед жастардың дене даярлығын дайындауға қолданылды. Сонымен қатар, халықтың тұрмысына ене бастады.

1922 жыл. 1922 жылы қалаларда жалпы оқыту мекемесінің үйірмелері мен клубтарының қатысуымен әуесқойлар арасында жарыстар өткізіле бастады.
1925 жыл. 1925 жылы губерния біріншілігі ұйымдастырыла бастады. Халықтың арасында велошеру кең танымал болды. Оның қатысушылары халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
1928 жыл. 1928 жылы алғашқы Спартакиада ұйымдастырылды. 1928 жылдың 17 мамырында оның құрметіне Алматы – Шымкент -Алматы велоршеруі арналды.
1934 жыл. Алматы – Семей – Қызылжар – Қостанай – Ақтөбе велоршеруі өтті. Шеруге С.Мүслімов, А.Васильев, В.Васильев, Ж.Қонақбаев, Г.Каймашников, Н.Пустовой, К.Гусев, М.Киркин, Б.Назиров қатысты. 1934 жылдың 11 шілдесі мен 18 тамызы аралығына созылды. Қашықтығы – 4000 шақырым.
1938 жыл. 1938 жылы 1401 шақырымға созылған велотур ұйымдастырылды. Оның бағыты: Алматы – Ұзынағаш – Отар – Георгиевка – Фрунзе – Луговая – Жамбыл – Шымкент және кері қарай.  Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша дене шынықтыру техникумінің студенті Николай Маслацов жеңімпаз атанды. Ол бұл қашықтықты 60 сағат 56 минут 35 секундта өтті.
1940 жыл. 1940 жылы Қазақстанның 20 жылдығына арналған Республикалық Спартакиада өтті. Жарысқа 12 спорт қауымдастығы қатысты. Велоспорттан Спартакиада чемпиондары атанғандар:  С.Романов ( ДСО «Учитель») және В.Михерянинова ( «Динамо»).
1947 жыл. Соғыс жылдарынан кейін велоспорт бұқаралық спортқа айналды. 1947 жылы Республиканың спорттық секциялары 4323 адамды қамтыды. Қазақстанның велошабандоздары алғашқы табыстарына 1948 және 1950 жылдары Қазақстан және Орталық Азия Республикаларының Спартакиадасында қол жеткізді.
1951 жыл. Қазақстан спортшылары алғаш рет КСРО біріншілігіне қатысты.
1952-1955 жылдары. 1952-1955 жылдар аралығында дарынды жастар шықты. Олар – В. Жанбеков, О. Сайбеков, Ю. Власов, А. Цветков, Л. Колесникова.
1955 жыл. 1955 жылы Қазақ жерінде бірінші жұлдызды велокөпкүндік өткізілді. Оның жеңімпазы В. Иванов болды.
1956 жыл. Қазақстандық велошабандоздар 1956 жылы І КСРО халықтары спартакадиасының бағдарламасына енген жалпыодақтық көпкүндікте жақсы нәтиже көрсетті. Команда 9-орын алып, Цветков, Иванов, Власов және Портье жарысты спорт шебері болып аяқтады.
1957 жыл. Қазақстан спортшылары 1957 жылы Жалпыодақтық велокросс жарысына алғаш рет қатысып, 6-орынға ие болды. Осы жылы жасөспірімдер командасы Жалпыодақтық оқушылар спартакиадасында екінші орыннан көрінді.
1961 жыл. 1961 жылы Ленинград велотрегінде топтық жарыста Владимир Жарков КСРО чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық спортшы болды.
1963 жыл. 1963 жылы КСРО халықтары спартакиадасында тасжолда 50 шақырымға созылған жекелей жарыста Михаил Калинкин жеңімпаз атанды.
1966 жыл. 1966 жылы Владимир Жарков КСРО командасының құрамында ГДР, Польша және Чехосовакия жолдарында веложарыстан Әлем чемпионы атанды.
1970 жыл. Қазақстан велоспортын дамытуда ең маңызды кезеңдердің бірі деп 1970 жылы «Қазақстан оқушысы» деп аталған көпкүндік халықаралық жарысты атауға болады. 46 жыл бұрын бұл бастаманы Қазақстан халықтық білім беру министрлігінің Республикалық балалар-жасөспірімдердің жоғары спорттық шеберлік мектебі көтерді.  Ал, 2002 жылдан бастап бағдарламаны ҚР Білім және ғылым министрлігінің дене шынықтыру ғылыми-тәжірибелік орталығы жүргізіп келді. Осы жылдардың ішінде бұл бастама біздің ел мен ТМД командалары үшін жас велошабандоздарды дайындау мектебіне айналды.
1970-1990 жылдары.

КСРО чемпионаттары мен ірі халықаралық жарыстардағы жеңістерден кейін Қазақстан велошабандоздары танымал бола бастады. Кухарский В. — (Әлем веложарысы, 3 орын, КСРО), Степаненко А. — (1972 ХХ Олимпиада ойындары, Мюнхен,  29 тамыз – 7 қыркүйек,  7 орын – КСРО), Тусумханов О., — (КСРО Халықтары Спартакиадасы, 1971,   Мәскеу – 2 орын), Штыхлин В. — (1972 ХХ Олимпиада ойындары, Мюнхен,  29 тамыз – 7 қыркүйек,  7 орын – КСРО), Лиханова Н. (Каратаева) – (КСРО Халықтары Спартакиадасы, 1967, Мәскеу – 3 орын).

Продан В. – (Жастар арасында КСРО біріншілігі, 1971, Харьков – 1 орын), Кравченко В. — (Әлем Чемпионты, 1991 ФРГ – 2 орын, КСРО), Сапажанов Д. — (1985 Градец-Кралове – 2 орын), Волошин В. — Әлем Чемпионаты (шоссе), М.Сатыбалдиев – 1989, Әлем Чемпионаты – 1 орын.  Бұл жетістікті жалғастырғандар көп болды. Осы сәттен бастап қазақ велоспорты КСРО құрамында әлемдік аренаға шыға бастады.

1992 жыл. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан велосипед спорты федерациясы құрылды. Федерация Халықаралық велошабандоздар одағы мен Азия велосипед спортының конфедерациясының құрамына кірді. Федерацияның бірінші президенті Кухарский Владислав Павлович болды.
1993 жыл.

Қазақстан құрамасы алғаш рет ұлттық құрама ретінде Норвегия астанасы Ослода өткен велоспорттан UCI Әлем Чемпионатына қатысты. Топтық жарыста В.Кравченок 2-орынды иеленді.

Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы алғаш рет Азия Чемпионатына қатысты.

1996 жыл. Қазақстан велошабандоздары АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI  Жазғы Олимпиада ойындарында алғаш рет ел намысын қорғады.
2000 жыл. Австралияның Сидней қаласында өткен XXVII Жазғы Олимпиада ойындарында  А.Винокуров күміс медаль иеленді.
2003 жыл. А.Винокуров «Тур де Франс» көпкүндігінің жалпы есебінде 3-орынға тұрақтады.
2005 жыл. 2004 жылы «CAPEC» клубы құрылды. Ал, 2005 жылы команда  UCI лицензиясын алып, құрлықтық команда ретінде тіркелді. Команда негізінен Азия мен Африкада өткен жарыстарға қатысты.
2006 жыл. 2006  жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «Астана» кәсіпқой велокомандасы құрылды. Осы жылы «Астана» велкомандасының спортшылары А.Винокуров пен А.Кашечкин Испания аумағында өткен Вуэльта көпкүндігінің жалпы қорытындысы бойынша 1 және 3 орындарға ие болды. Бұл жеңістен кейін команда жоғары дивизионның ең мықты ұжымдарының қатарына қосылды.
2010 жыл. Бұл жылы алғашқы отандық трек командасы саналған «Астана» ұжымы әлемдік велосипед қауымдастығына (UCI) тіркелді.  Оның құрамына халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген ең мықты трек мамандары енді.
2011 жыл. 2011 жылдың 3-6 қарашасында велоспорттың трек түрінен Астана қаласында Әлем Кубогының бірінші кезеңі өтті. Жарысқа қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке жетті. Әлем Кубогынан ақпарат тарату үшін 100-ден астам журналист аккредитация алды. Оның 40-ы шетелдік БАҚ өкілдері болды.
2012 жыл. Лондонда өткен XXX Жазғы Олимпиада ойындарында А.Винокуров велосипед спортының шоссе түрінен Олимпиада чемпионы атанды.
2013 жыл. «Алматы туры» — алғашқы халықаралық веложарыс өтті. Турнир әлемдік велоспорт қауымдастығында (UCI) тіркелді.
2014 жыл. 2014 жылдың 21 мамыры мен 1 маусымы аралығында Қазақстанда алғаш рет велоспорттың трек және шоссе түрлерінен Азия Чемпионаты ұйымдастырылды. Жарыс  Астана және Қарағанды қалаларында өтті.
2015 жыл. 2015 жылдың 19-23 тамыз аралығында Қазақстан алғаш рет велоспорттың трек түрінен жасөспірімдер арасында Әлем Чемпионаты өтті. Жарысқа қатысушыларды Астана қаласы қабылдады.