Қазақстандық велоспорттың ең атақты өкілдерінің бірі, Азия ойындарының алты дүркін чемпионы Алексей Луценко кәсіби спорттық мансабын аяқтап, Astana жобасына жаңа қызметте оралады. 2027 жылдан бастап ол XDS Astana Team кәсіби велокомандасының спорттық дайындық тобына бас бапкер ретінде қосылады.
Алексей Луценко 2013–2024 жылдар аралығында Astana жобасының құрамында өнер көрсетті. Оның кәсіби спорттағы жетістіктерінің басым бөлігі осы кезеңмен байланысты. Дәл осы уақытта ол халықаралық аренада Қазақстанның жетекші велошабандоздарының біріне айналды.
Спорттық мансабында Алексей Луценко жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 2012 жылы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар «Тур де Франс» және «Вуэльта Испания» секілді беделді көпкүндік веложарыстардың кезеңдерінде жеңіске жетіп, көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Оның спорттық өмірбаянында Азия ойындарының орны ерекше. 2014 жылы алғашқы алтынын жеңіп алса, 2018 жылы тағы екі алтын медаль иеленді. 2022 жылы жеке уақытқа жарысу түрінен Азия чемпионы атанды. Ал 2026 жылы жеке уақытқа жарысу және топтық жарыс түрлерінен екі алтын медаль жеңіп алды.
Осылайша, Алексей Луценко Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол жазғы Азия ойындарының тарихында алты алтын медаль жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы.
Кәсіби мансабын осындай жоғары жетістікпен аяқтаған Алексей Луценко үлкен спорттан қол үзбейді. Керісінше, енді оның алдында жаңа кезең басталады. Ол көпжылдық тәжірибесі мен білімін жас спортшыларға үйретіп, команданың одан әрі дамуына үлес қоспақ.
Алексей Луценко Astana жобасына оралуы және жаңа қызметі туралы пікір білдірді:
«Astana жобасының менің жүрегімде алатын орны ерекше. Кәсіби мансабымның басым бөлігі дәл осы жобамен байланысты. Менің ең үлкен спорттық жетістіктерімнің барлығы дерлік осы командада қол жеткізілді. Мұнда мен өзім үшін нағыз спорттық отбасымды таптым.
Сондықтан жобаға жаңа қызметте қайта оралу және кәсіби жарыстарға қатысуды аяқтағаннан кейін де спорттағы мансабымды жалғастыру мүмкіндігі маған ерекше қуаныш сыйлайды.
Спортшыдан команданың жаттықтырушысы рөліне ауысу оңай болмайтынын түсінемін. Жаңа қызметке бейімделіп, қажетті тәжірибе жинақтау үшін маған уақыт қажет болады. Дегенмен өзіме, қабілетіме және біліміме сенемін. Тынымсыз еңбек етсек, бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын.
Менің артымда мол спорттық тәжірибе бар. Сол тәжірибемді жобаның жас велошабандоздарымен ғана емес, бұрынғы командаластарыммен және кәсіби пелотондағы әріптестеріммен де бөліскім келеді.
2027 жылы алдымызға қойған ортақ мақсаттарға жету жолында командаға өз үлесімді қоса аламын деп үміттенемін», — деді Алексей Луценко.
Айта кетейік, бұған дейін XDS Astana Team командасының құрылымында бас бапкер лауазымы болмаған. Бұл қызметтің енгізілуі команданың спорттық дайындық жүйесін дамытудағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Үлкен Малышка ауылындағы қарапайым баладан Азия ойындарының алты дүркін чемпионына дейінгі жолды жүріп өткен Алексей Луценко енді кәсіби велокоманданың бас бапкері ретінде жаңа белесті бағындырмақ.
Оның спорттық жетістіктері Қазақстан спортының тарихында мәңгі сақталып, жаңа қызметі арқылы болашақ чемпиондарды даярлауға және қазақстандық велоспорттың дамуына үлес қосатыны сөзсіз.


