Қазақстан велоспорт федерациясының Бас хатшысымен 2027 жылғы маусымға арналған XDS Astana Development командасын жасақтау туралы сұхбат

– 2027 жылғы маусымға команданы жасақтаудың негізгі қағидаттары қандай?

Команда құрамын жасақтау алдымен бас бапкер мен тиісті бағыттар бойынша аға жаттықтырушылардың кәсіби ұсынымдары негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте спортшылардың көрсеткіштері, бұрын қойылған міндеттердің орындалуы және 2028 жылғы Олимпиада цикліне дайындықтың стратегиялық басымдықтары ескеріледі.

XDS Astana Development – жастар командасы әрі ұлттық құраманың резервін даярлаудағы маңызды баспалдақ. Команданың негізгі міндеттері – қазақстандық велошабандоздарды дамыту, халықаралық жарыстар күнтізбесіне толыққанды қатысу, UCI рейтингтік ұпайларын жинау және болашағынан үміт күттіретін спортшыларды негізгі кәсіби командаға ауысуға дайындау.

2027 жылғы маусымның маңызы ерекше, себебі бұл кезең олимпиадалық іріктеу үдерісіндегі шешуші кезеңдердің бірі болмақ. Жаттықтырушылар штабы UCI рейтингтік ұпайларын барынша көп жинауға бағдарланған. Біз команданың әрбір шабандозына сенім артамыз әрі барлық спортшы шосселік жарыстарға қатысып, ортақ мақсатқа өз үлесін қосады деген үміттеміз. Сондықтан команда құрамын жасақтау кезінде спортшылардың жеке нәтижелерімен қатар, олардың командалық жұмысқа қосатын үлесі мен рейтингтік ұпай жинау әлеуеті де ескерілді.

– Неліктен Денис Сергиенко 2027 жылғы маусымда команда құрамына кірмеді?

Бұған дейін Денис Сергиенконы команда құрамына қосу жаттықтырушылар штабының ұсынымымен және нақты міндет – Азия ойындарына дайындалып, жүлделі орындарға ие болу мақсатымен байланысты болды. Федерация бұл ұсынымды қолдап, алға қойылған міндетті жүзеге асыруға қажетті жағдай жасауға ықпал етті.

Алайда 2026 жылғы маусымда спортшы XDS Astana Development құрамында бірде-бір жарысқа ресми түрде қатысқан жоқ. Ол бар күшін Азия ойындарына дайындыққа салды. Дегенмен көзделген жүлделі нәтижеге қол жеткізілмеді.

2027 жылғы маусымға команда құрамын жасақтау кезінде спортшыны командаға қосу жөнінде жаттықтырушылар штабынан осындай ұсыным түскен жоқ. Оның келешегін талқылау барысында Қытай клубтары арқылы спорттық мансабын жалғастыру мүмкіндігі, сондай-ақ оған қолдау көрсету үшін демеушілерді тарту мәселесі де айтылды.

Федерация серіктестікке қатысты барлық ұсынымды талқылауға және қосымша қолдау шараларын қарастыруға дайын. Оның ішінде спортшыны жалақымен қамтамасыз етуге Федерацияның қатысуы немесе қаржыландырудың өзге де ықтимал тетіктерін қарастыру бар.

Сонымен бірге, менің білуімше, Сергиенко бірнеше бағыт бойынша қаржылық қолдауға ие болып отыр. Атап айтқанда, оған СДД, Жетісу облысы тарапынан қолдау көрсетіледі, сондай-ақ XDS Astana Development командасында жалақы алады.

Біздің ұстанымымыз мынадай, егер спортшы даярлығының нақты бағдарламасы, халықаралық жарыстар күнтізбесі, қаржылық кепілдіктері мен айқын спорттық міндеттемелері болса, Федерация әрі қарайғы дамуына қолдау көрсетуге дайын.

Басты өлшем – спортшының кәсіби өсуіне және Қазақстан ұлттық құрамасының мүддесі үшін жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру.

– Федерация МТБ бағытындағы спортшыларды даярлау тәсілдерін қайта қарастыруды жоспарлап отыр ма?

Әрине. Біздің ойымызша, «шоссе + МТБ» бағыттарын ұштастыратын аралас мамандануды кеңінен дамыту қажет.

Бұл мәселе 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарынан кейін де көтерілген болатын. Алайда, сол кезде қажетті қолдау таппады. Бүгінде осы мәселеге қайта оралу маңызды деп есептеймін.

Бүгінде велоспорт икемділікті, жаңа әдістемелерді қолдануды және спортшылардың жарысу мүмкіндіктерін кеңейтуді талап етеді. Егер қолданыстағы тәсілдер межелі нәтижені қамтамасыз етпесе, оларды қайта қарастыру қажет.

– XDS Astana Development командасының құрамына трек мамандарының енгізілуі немен байланысты?

Бұл шешім олардың «Әзербайжан туры» халықаралық көпкүндік веложарысындағы жұмысының нақты нәтижелеріне негізделген. Мамандар жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп, кезеңдердің бірінде Евгений Федоровтың жеңіске жетуіне елеулі үлес қосты.

Федерация олардың команда құрамына қосылуын қолдады. Бұл ретте нақты спорттық нәтижелерге қол жеткізу, UCI ұпайларын жинау мүмкіндіктерін кеңейту және Қазақстанның халықаралық позициясын нығайту көзделіп отыр.

– Командадағы қазақстандық спортшылардың үлесі қалай өзгерді?

Бұл – Федерацияның негізгі басымдықтарының бірі.

Қазір 32 шабандоздан тұратын негізгі кәсіби командада небәрі үш қазақстандық спортшы бар. Сондықтан отандық спорт резервін даярлауда XDS Astana Development командасына ерекше жауапкершілік жүктеледі.

2027 жылғы маусымда команда құрамындағы 18 шабандоздың 11-і қазақстандық болады. Бұл жалпы құрамның 61 пайызынан астамын құрайды. Осылайша, алдыңғы маусымдармен салыстырғанда отандық спортшылардың үлесі жүйелі түрде артып келеді.

Біздің міндетіміз – қазақстандық спортшыларды команда құрамына қосу ғана емес, оларды халықаралық жарыстар күнтізбесімен толық қамтамасыз етіп, UCI ұпайларын жинауына және кәсіби деңгейге өтуіне нақты мүмкіндік жасау.

– Федерация маунтинбайк бағытындағы алдыңғы Олимпиада циклдерінде жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесін қалай бағалайды?

Біз Токио және Париж Олимпиада ойындарында, сондай-ақ 2023 және 2026 жылдардағы Азия ойындарында Олимпиадаға іріктеу және жүлделі орындарға ие болу бойынша қойылған міндеттердің орындалмағанын мойындауымыз керек.

Бұл – даярлық жүйесіне жан-жақты талдау жүргізіп, қалыптасқан тәсілдерді қайта қарауға негіз болуда. Алдын ала берілетін уәделерден нақты спорттық міндеттемелерге, өлшенетін нәтижелерге және мамандардың дербес жауапкершілігіне көшу қажет.

– 2027 жылғы команда құрамын жасақтауға байланысты жеткізгіңіз келетін негізгі ойыңыз қандай?

Федерация қабылдайтын шешімдер жекелеген спортшылар мен мамандардың жеке қалауына немесе тек сіңірген еңбегіне емес, ұлттық велоспорттың мүддесіне негізделуге тиіс.

Біз қажетті жағдай жасауға, болашағынан үміт күттіретін шабандоздарды қолдауға және кәсіби мамандарды тартуға дайынбыз. Алайда, қолдау өзара жауапкершілікпен қатар жүруі және нақты спорттық нәтижемен расталуы қажет.

2027 жылы команданың алдында ерекше міндет тұр. Ол – Олимпиадаға іріктеу аясында UCI рейтингтік ұпайларын жинау үшін халықаралық жарыстар күнтізбесінің мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану. Біз әрбір шабандозға сенім артамыз және олардың барлығы шосселік жарыстарға толыққанды қатысып, командалық жұмысқа атсалысып, ортақ нәтижеге үлес қосады деп күтеміз.

Біздің басты мақсатымыз – ұлттық құраманың сенімді тірегіне айналатын, отандық спорт резервінің дамуын қамтамасыз ететін, UCI рейтингтік ұпайларын жинауға және 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеуден сәтті өтуге нақты үлес қосатын жастар командасын қалыптастыру.

facebook
instagram
youtube