04 09.2018

Велоспорт федерациясының бас хатшысы шабандоздардың Азия ойындарында қол жеткізген нәтижелерін бағалады

Индонезияның Джакарта мен Палембанг қалаларында 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 76 медаль еншіледі. Оның 5-еуі отандық велошабандоздардың еншісінде.

Қазақстандық шабандоздар жарыстың үш түріне қатысты: тас жол, трек, маутинбайк. Азия ойындарына Қазақстан атынан 20 шабандоз қатысты.

Маунтинбайк: Кирилл Казанцев, Шәкір Әділов

Тас жол (ерлер): Алексей Луценко, Евгений Гидич, Жандос Бижігітов, Даниил Фоминых.

Тас жол (әйелдер): Наталья Сайфутдинова, Махаббат Үмітжанова, Амилия Искакова.

Трек (темп): Артем Захаров, Сұлтанмұрат Миралиев, Әлішер Жұмақан, Роберт Гайнеев, Никита Панасенко, Асылхан Тұрар, Роман Василенков.

Трек (спринт): Павел Воржев, Сергей Пономарев, Максим Налетов, Богдан Рудер.

Алғашқы медальді тәжірибиелі маутинбайкер Кирилл Казанцев алып келді. Ол крос-кантри бағдарламасында 3-орын алды. Ал оның командаласы Шәкір Әділов 8-орынға тұрақтады.

«Маутинбайкке келер болсақ Азия құрлығында соңғы кездері бәсекелестік арта түсті, – дейді Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Тұлпар Мансұров. – Егер соңғы Азия чемпионатының нәтижелерін еске алар болсақ, тартыстық қатты болғаны соншалық, Кирил Казенцев жүлдегерлер үштігіне де кіре алмап еді.

Бұл жолғы жарысқа ол жыл бойы дайындық жұмыстарын жүргізді. Ол Джакартаға нық сеніммен, әрі айқын мақсатпен аттанды. Ол маутинбайкта бүкіл әлем бойынша жоғарғы деңгейде өнер көрсете алатын жалғыз спортшымыз. Жарыс басталған кездегі басымдылығын сақтай алмағаны өкінішті. Оның басты бәсекелестері техникасы сәл мықтырақ болған қытайлықтар болды.

Дегенмен ол олжалаған қола медаль – Қазақстан маутинбайк спортының Азия ойындарында алған ең тұңғышы. Кириллге дейін мұндай жетістікке ешкім қол жеткізбеген еді.

Ойындарға қатысқан Шәкір Әділов мол тәжірибие жинағаны анық. Жарыс барысында бірнеше рет құлап қалып, дөңгелегінің желін шығарып алса да ол 8-орыннан көрінді.

Қазақстандық велошабандоздардың Азия ойындарындағы ең керемет жетістігі ол Адексей Луценконың екі бірдей алтын медальі. Жекелей сында да, топтық бәсекеде де ол алдына жан салмады.

«Тас жолдағы жарыстар әрқашан да мақтауға лайық, – дейді Тұлпар Мансұров. – Алексей Луценко Азия құрлығында мықты екпнін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Жарыс басталмай тұрып біз екі бәсекенің де алтынын алуымыз мүмкін деп топшыладық. Солай болды да. Топтық бәсекеде бүкіл команда жақсы қызмет етті. Биылғы құрамымыз да керемет жиналды. Луценко, Фоминых, Бижігітов – кәсіпқой деңгейде көзге түсіп жүргендер. Гидич те «Astana Pro Team» сапына бекерден бекер алынбағанын дәлелдеді. Ол болашағы зор шабандоз».

Сонымен қатар жекелей сын мен топтық бәсекеге қыздларымыз да қатысты. Өкінішке қарай, бұл жерде медальсіз қалдық. Топтық бәсекеде Наталья Сайфутдинова 10-орыннан көрінсе, Амилия Искакова 18-келді. Ал жекелей сынға қатысқан Наталья Сайфутдинова 9-орын иеленді.

«Әйелдер сайысында алғашқыда топтық бәсекеге Сайфутдинова мен Үмітжанова, ал жекелей сынға Искакова қатысады деп есептегенбіз, – дейді Тұлпар Мансұров. – Тек соңғы сәтте ғана Махаббат Үмітжанова өзін жақсы сезінбеген соң, жарыстан бас тартты. Оның орнына Амилия шықты. Сосын жарыс біткен соң барып, Амилияның топтық кезеңдегі тартыста қатты шаршап қалғанын байқадық. Сосын барып, жекелей сынға оның орнына Натальяны қатыстырдық. Әрине, мұндай аяқ асты өзгерістер біз күткен нәтижені әкеле қоймады. Бұл жақта да бәсекелестік өте мықты екен».

Тректегі велоспортта қазақстандық шабандорздар екі медальмен көзге түсті. Темп сайысында екі қолаға қол жеткіздік. Оның екеуін де Артем Захаров омниум мен із қуып жарысу сайыстарында жеңді. Ал командалық із қуып жарысуда 4-орын алдық. Сонымен қатар, мэдисон сайысында да 4-болдық.

«Темпке қатысатын шабандоздарымыздың төрт жарыста да медаль алатын мүмкіндіктері болды. Олар омниум, жекелей сын, командалық жарыс және мэдисон, – дейді Тұлпар Мансұров. – Әрқайсысында қызықты сайыстар орын алды. Осы аталған бәсекелердің барлығында да корейялықтар Азия рекордын жаңартып отырды. Бірақ, бір қызығы олар жүлдегерлер қатарына кіре алмады. Біз қайта екі медаль еншілеп, бар күшімізді сарп еттік. Әрине екі жарыста сәл ғана күш жетпеді. Медальға сынық сүйем қалғанда тоқтадық. Дегенмен, қарыстарымызға өзіміз жайлы жақсы пікір қалдырдық».

Спринтте трекшілеріміз үш сайысқа қатысты: командалық спринт, жекелей спринт және кейрин. Командалық спринтте Павел Воржев, Максим Налетов және Сергей Пономаревтер өнер көрсетіп, 6-орын еншіледі. Жекелей спринтте Павел Воржев 8-орын, кейринде – 11-орыннан көрінді.

«Спринтерлер үшін Азия ойындары сәтті өтті дей алмаспыз, – деп бастады Тұлпар Мансұров. – Бірақ, бұл жерде бір мәселенің бетін ашып алуымыз керек. Спринттен Қазақстан құрамасы небәрі 2 жыл бұрын ғана құрылған өте жас команда. Сондықтан да, олардан келе салып жоғары көрсеткіштер атлап еткен жһн болмас. Дегенмен, біз күткен межеге олар жете алмады. Оның да әртүрлі себебі бар. Мысалы Павел Воржев жарақат алып, соның салдарынан өзінің кәнігі мықты бабында өнер көрсете алмады. Ол Қытай кубогында ол жарақат алып қалып еді. Спринтте ол Тайланд шабандозын жеңіп кетті. Кейіннен сол тай шабандозы кейринде одан басым болды. Спринтте 15-20 шабандоздың кез-келгені жарысты жоқ жерден жеңіп кетуі мүмкін. Бұл біздің шабандоздарға үлкен сабақ болды. Енді бұдан былай спринтерлеріміз өздеріне сеніп, психологиялық тұрғыда мықты бола түсуі керек. Сонымен бірге, Сергей Понамаревті де айта өтейік, ол командалық спринтте өз мүмкіндігінен асыра қимыл етті. Керемет нәтиже көрсетіп, алдағы болашақта дамуы мүмкін екенін анық аңғартты».

 

Share:

Leave a comment

Войти с помощью: